23
февраль
2022
Халықаралық ана тілі күніне арналған «Ана тілім-ғажап тіл» атты мерекелік іс-шаралар өтілді
№36 орта мектепте 21 ақпан күні Халықаралық ана тілі күніне арналған «Ана тілім-ғажап тіл» атты мерекелік іс-шаралар өтілді. Аталмыш мереке аясында бекітілген жоспар бойынша мектебіміздің тіл мамандары халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғауға және дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралардың өтуіне белсене ат салысты.
Мереке күні «Ана тілі туралы өлең білеміз бе?» айдарымен оқушылардан кез келген ақынның өлеңін жатқа оқып беруі сұралды. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Шыңғыс Мақсат М.Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқып беріп, оқушылардың өлең оқуға деген қабілеттерін шабыттандыра түсті.Соның ішінде 5-сынып оқушысы Бекмұхамет Айару «Ана тілім» өлеңін оқып беріп тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу-жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігін айтты.
Тәуелсіздігіміздің тұғырына көтерілген жылдар ішінде елдің бірлігі артқандай. Елімізде ұлтымыздың ұлы тілімен қатар әлемдік тілдердің де құндылығы жоғары. Ұстаздар қауымының басты міндеті-шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру. Осы мақсатта қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Б.С.Молдаханов «Ана тілің-арың бұл» тақырыбында 8-сынып оқушыларымен сайыс, Ш.З.Ақмамбет «Тіл-тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында 9-сыныптар арасында пікір-сайыс , М.С.Әбдіқұлова «Тіл ғұмыры-ұлт ғұмыры» тақырыбында кеш және «Ана тілім- ғажап тіл» тақырыбында 5-11 сыныптар арасында эссе байқауы ұйымдастырылып,белсенділік танытқан оқушылар марапатталды.
Түйіндей келе, бұл шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» - деп тура айтқан. Олай болса, тіліміздің қадірін асқақтатуға алдағы уақытта да атсалысамыз!





